![]() |
Спикер Алматы, 16 қыркүйек, 2009 жыл
![]()
Кейбір адамдарға жоғары лауазымды атақтың өзі жараспай тұрады. Мүмкін ол адамның қоғамда соншалықты біліктілігімен, білімділігімен танылмауынан шығар. Ал кейбір адамдарға кез келген қызметтің өзі дардай болып, жұрт жапырылып құрмет тұтады. Бәзбір кісілерге атақ та, абырой да үйлесімін тауып, көзге де, көңілге де ыстық болып, сол адамға тәнті болып жүресің. Сондай адамдардың бірі де, бірегейі де марқұм Марат Тұрдыбекұлы Оспанов деп ойлаймын. Спикер деген сөз де Марат Оспановқа лайық лауазым болатын.
Спикер ағылшын тілінен аударғанда “шешен, төменгі палатаның төрағасы” деген мағынаны білдіреді. Ал мүйізі қарағайдай депутаттарды басқару оңай емес. Әрі ол әр партиялы, әр қоғамдық ұйымның өкілдерінен құралса қиынның қиыны. Сондықтан да кәсіби Парламент қалыптастырудағы тұңғыш Парламент Мәжілісінің төрағасы Мәкеңнің еңбегі де, ұйымдастырушылық қабілеті де, түбегейлі мәселелердегі Үкіметпен табанды текетіресі де әлі ұмытыла қойған жоқ. Марат Оспанов дегенде спикер деген атаудың қосарлана айтылуы тегін болмаса керек. Әсте, дүниеден озған адамдар туралы жаман айтуға болмайды. “Жаман айт” деп тапсырма алған күннің өзінде жамандауға қимайтын, қолың жүрмейтін ірі тұлғалар болады. Мәселен, Димекең... Жабыла қауып, жабыла талап жатқанда Димекең абыз ақсақалдығын танытып, көңілі таза қазақтың әр үйінің төрінде отырды. Өйткені, Димекеңнің өзі де, ары да таза еді. Аққа қанша күйе жаққанмен, қарайта алмады. Марат Оспанов та мен үшін саясаттағы ірі, өзі де, ары да таза адамдардың бірі. Ол Мәжілістің кез келген отырысын түрлендіріп, әрлендіріп басқарды. Баяғы КСРО тұсындағы Нишанов жолдас сияқты, “сізге де, сізге де, сізге де сөз беріледі” деп ләппайламады. Ол депутаттарға терезесі тең адам ретінде қарап, регламент пен депутаттардың мәртебесін айқындайтын заңдарды басшылыққа алды. Ірі экономист ретінде Үкіметпен бюджетті бекіту барысында тапжылмай тартысып, халық мүддесіне қарай көбірек ойысатын. Марат Тұрдыбекұлы лектор ретінде студенттерді баурап алса, спикер ретінде депутаттардың құрметін “жаулап” алды. Ол саясатқа аумалы-төкпелі, Қазақстанда демократиялық үрдістер орныға бастаған тұста шықты да, оның ішіне сүңгіп кетті және жүзуді жаңа үйреніп жүрген адамдай емес, судағы балықтай сезінді. Ол білімді Мәскеудегі Г.В. Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтынан алды. Бұл институт Кеңестер одағы тұсындағы бірден-бір экономикалық білім берудің көшбасшысына айналған көрнекті оқу орны болатын. Сондықтан да Марат Тұрдыбекұлы терең біліммен ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласты. Экономика ғылымдарының кандидаты атағын алды. Ақтөбедегі медицина институтында доцент, кафедра меңгерушісі болды. Осылай табаны күректей 16 жыл өте шығыпты. Бұл жылдар жас ғалым үшін қалыптасу ғана емес, шыңдалу, көзқарастар тоғысындағы тосын ой-пікірлер айтуға үйреткен өткелдер болды. Өйткені, студенттер әрқашанда жаңаға құмар. Өз ойын бүкпесіз айтатын, орыс тілді қазақ үшін қайта құру кезеңі еркін тыныстауға мүмкіндік беріп еді. Экономист ретінде мемлекеттің дәл осылай қала берсе құрдымға кететінін зерделеді. Қалай болғанда да либералдық экономика қажет екенін түйсінді. Бірақ ноқтаға бас сыйғызбайтын уақыт озық ойды да, берік көзқарасты да күйретіп жіберетін. Дегенмен, Горбачевтің жылымығы ойды ортаға салуға, жариялылықты ту етіп, жаңа ой-пікірді қымсынбай айтуға мүмкіндік туғызып еді. 1989 жылы бүкіл Ақтөбені дүр сілкінткен оқиға болды. Ол Марат Оспановтың облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ю.Трофимовқа хат жазуы еді. Бесеудің Сталинге хаты сияқты М.Оспановтың бірінші хатшыға жазған хаты жай түскендей әсер етті. Хаттың мәтіні жұрттың бәріне жетпегенімен, оның мазмұны ауыздан-ауызға өтіп, құлақтан-құлаққа жетіп жатты. Шындығында, дәл сол бір кезең үшін бұл хат ерлікпен пара-пар еді. Ол хатта мынадай жолдар бар болатын: “Облыс үш жылдан бері астық дайындау жоспарын орындай алмай отыр, оның күрт құлдырауына жол берілді... Қой басын өсіру баяғы 1983 жылдың деңгейінде қалып қойды... Сіз облыстағы ауыл шаруашылығының мүшкіл жағдайына өзіңіздің жеке жауапкершілігіңізді сезінесіз бе, соны білгім келеді”. Бұл хат М.Оспановтың өмірін күрт өзгертіп жіберді. Оның азаматтығы, шындық үшін күресе алатындығы, батылдығы мен білімділігі, тіпті орыс тілділігінің өзі дәл сол кезде Мәкеңнің абыройы үшін жұмыс істеді. “Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады” деген осы. Марат Тұрдыбекұлы Оспановты “Актюбрентген” зауытының ұжымы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынды. “Обкомның бірінші хатшысына жазған хатым менің саяси өмірімнің баспалдағына айналады деп кім ойлаған? Мені ол кезде саясат онша қызықтырмайтын”, деп жазды кейін Мәкең. Бірақ, оған илану қиын. Өйткені, ол кезде М.Оспанов үшін медицина институтының кафедра меңгерушісінің қызметі тарлық ете бастаған. Білікті маманға жаңа экономикалық сұраныстарға қажетті мінбер де, аудитория да қажет-тін. Ал оның бір-ақ жолы бар. Ол депутаттың мандаты мен халыққа жететін сөз. Осылай М.Т.Оспановтың депутаттық қызметі басталды. Депутат болып сайлану бар да, оның абыройлы міндетін атқару басқа екені белгілі. Үнсіз қалып, әйтеуір дауыс беруді ғана білетін бір топ бар да, ойын ашық айтып, халық мүддесін қорғайтын бір топ болады. Мәкең сол екінші топтың өкілі ғана емес, экономикалық реформа, бюджет және қаржы комитеті төрағасының орынбасары, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары болып қызмет істеді, әрі “Демократиялық Қазақстан” депутаттық тобының жетекшісі болды. Қазақстан кеңестік жүйеден шығып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап Қазақстанның жаңа егемендігін қалыптастыруға қажетті ірі саяси-экономикалық тұлғалар қажет-тін. Республика басшысы Н.Ә. Назарбаев дәл осы кезеңде көзі қарақты, жаңаша ойлай алатын саяси элитаны қалыптастыра бастаған болатын. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы Санкт-Петербургте докторлық диссертациясы онжылдықтың үздік ғылыми жұмысы деп бағаланған Марат Тұрдыбекұлына назар аударып қана қоймай, оған жоғары сенім білдірді. Салық жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстарын ескере отырып, оны әуелі республика салық комитеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы етіп бекітті. Одан алып келіп Қаржы министрінің бірінші орынбасары, кейін ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы шетелдік капиталды игеру жөніндегі комитеттің төрағасы етіп бекітті. Н.Ә.Назарбаев Мәкеңді осылай сатылай өсіріп, оттың көрігіне салып шыңдады және кейін Мәжіліс төрағалығына ұсынды. Бәзбіреулер М.Оспановты жартылай оппозициялық пиғылда болды дегендей пікір тарататынын білемін. Мүлдем қате ой. М.Оспанов озық ойлы, қағидатшыл, шындықты бетке айтатын адам еді. Бірақ ол көзі жұмылғанша Президент Н.Ә.Назарбаевтың экономикалық, демократиялық ізденістерін қолдап қана қоймай, өз ұсыныстарын айтып, бір командада екенін айғақтады. Оған 1999 жылғы 10 қаңтардағы “От стабилизации к росту” деген бағдарламасы куә. Мұнда М.Оспанов 1992-1998 жылдардағы экономикалық бағыт-бағдарлардың арқасында Қазақстанның экономикалық әлеуеті қалыптасып қана қоймай, өсетініне сенім білдірді, әрі ұлттық валютаның “жүзбелі” курсын ұсынды. Өмір осы бағыттың дұрыстығын дәлелдеді. Нарықтық қатынастар бұл үдерісті 1999 жылғы 4 сәуірде реттеді. Мәжіліс төрағасы қызметі М.Оспанов өміріндегі жұлдызды сәттер деп ойлаймын. Ол депутаттың өз мәртебесіне сәйкес қызмет істеуіне жол ашты. Біреудің аузын қақпалап, “Үкімет осылай деп отыр, қолдап жіберелік” деп өз ойын тықпаламаған тұлға. Сондықтан да М.Оспанов тұсындағы Мәжіліс беделді де бедерлі еді. Ол күле де білетін, қаһарлана да білетін. Достарына жайылып жастық та бола білетін, ал үйінде мамық та жайлы жан еді. Оның көп сұхбаттарын кезінде республика газеттерінде бас редактор болған шағымда өзім де жариялағанмын, теледидардан да көргенмін. Бірде ол өзінің ісмер екенін де айтып еді. Шалбарын өзі тігіп алады, палау да пісіреді. Яғни, адам адал сөйлеп, ағынан жарылған соң, көрермен көзіне ол бұрынғысынан да биіктей түскен еді. Бедел бір күнде келмейді. М.Оспанов беделді қасықтап жинады, шөміштеп шашпады. Сондықтан да әркез спикер сөзі депутаттар легіне ерекше әсер ететін. Оған мына бір деталь куә. Бірде қос палатаның кезекті отырысында бюджет талқыланып жатқан-ды. Мәкең тұмауратып, ол отырысқа екі күн келе алмаған. Вице-спикер жиналысты жүргізе алмағандай еді. Депутаттар бюджетті жан-жаққа тартқылап, талқылау орнына дау-дамайға ұласқан. Мұны естіген М.Оспанов үйінде ауырып жата алмады. Үшінші күні өзі келіп, отырысты жүргізді. Спикер шағын ғана кіріспе сөз сөйледі. Бюджеттің негізгі параметрлері туралы өз ойын ортаға салды. Халықтық сипатын ашты. Сол-ақ екен залдағы ахуал өзгеріп сала берген. Осы бір сәт туралы экономика ғылымдарының докторы А.Есентүгелов былай деп еске алыпты: Залдан шығып келе жатқанымда Вице-Премьер А.Павловты кездестірдім. Ол маған: “Қожайынның келгені көрініп тұр ғой”, деді. Ал мен оған: “Иә, тек қожайын емес, лидер келді ғой”, деп жауап бердім. Расында, солай. Мәселен, Мәжілісте бюджет талқылаған кезде біз міндетті түрде марқұм Қаратай Тұрысовқа қарайтынбыз. Өйткені, ол дуалы сөз айтатын, пәтуаға шақыратын, Үкіметке үнсіз иліге бермейтін ірі тұлға, лидер болатын. Оспанов та, Мәжіліс те қатар өсті. Ол өз ана тіліне шорқақ екендігін мойындап қана қоймай, оны түзетуді қолға алды. Мәжілісті қазақ тілінде жүргізуді игерді. Ана тілінің қасиетін де, құдіретін де жүрегіне тоқыды. “Домбыраны тарта білмейтін қазақ, қазақ емес. Бір көзім жеткен шындық осы. Мен труба да, гитара да тартқан едім, ал домбыра тартқанда ерекше күйге түсемін. Домбыра тартсаң қазақша ойлайсың, қазақша сөйлейсің. Бір домбыраның өзі бір оркестрдің жүгін көтеріп кететін жағдайы бар. Бұл ғажап аспап. Тілді үйренгеннен кейін осы бір аспапқа деген құштарлығым соншалықты биіктеп кетті. Нағыз қазақ домбыраны сүюі керек екен...” Иә, бұл Марат Оспановтың кемелденген тұсы еді. Жүрек темір емес, қажиды, мүжіледі. “Новая провинция” газетінің 2000 жылғы 27 қаңтардағы санында Мәкеңнің сұхбаты жарияланыпты. Содан үзінді келтірейін: Сұрақ: Жоғары билікке жеткен адам ретінде не таптыңыз, не жоғалттыңыз? Жауап: Мен ел тағдырына қажетті тарихи реформалардың жүзеге асуына қатысы бар адам ретінде өз тағдырыма разымын. Жоғалтқаным, қалыптасқан тәртіп бар. Ол басшының этикасы. Егер мен спикер болмағанда мүмкін бұдан да ащы сөздер айтар ма едім! Дегенмен, қазір де тасбақа құсап, өз тас қабығыма жасырынбаймын... Марат Оспанов өзінің талтүсіне жете алмай кетті. Дәл бүгін, азамат, ғалым, сергек те сезімтал отағасы 60-қа келетін еді. Амал не? Мәкеңмен бір жыл Жоғарғы Кеңестің ХІІІ шақырылымында депутат болдым. Оны біз төрағаның орынбасары етіп сайладық. Бірақ оның кандидатурасы оңай өтті дей алмаймын. Өйткені, Жоғарғы Кеңесте топ-топ, жік-жік көп еді. Оған славян қозғалысының өкілдерін қосыңыз. Әбіш Кекілбаевты төраға, З.Федотова мен Қ.Сұлтановты орынбасарлыққа сайладық. Бірақ академик С.Зиманов төтеннен ұсыныс айтты. Болашақта қабылданатын заңдардың көбі экономикалық заңдар болатындықтан тағы бір орынбасар қажет. Әдетте, орынбасарды төрағаның өзі ұсынуы қажет. Бірақ соған қарамастан, секретариатқа оншақты адамның кандидатурасын ұсынып қойғаны белгілі болды. Кімді қолдау керек? Ол кезде қалтафон деген атымен жоқ. Телефон үздіксіз шырылдап, түн ұйқыңды төрт бөлгізіп, “ананы қолда, мынаны қолда” деген өтініштер қарша борап, ұйықтатар емес. Амалсыз үй телефонының үнін өшіріп тастауға тура келді. Ертеңгі Мәжілісте Ә.Кекілбаев өзінің үшінші орынбасарлығына Марат Оспановты ұсынды. Тағы да қызу талас. Ол төрағаның жерлесі, болмайды дескендер шықты. Бірақ Әбіш Кекілбаев “Нарықтық экономиканың тағдырын қаржы мен салық саясаты шешеді. Марат Оспанов бұл салада жаңа тәжірибе жинап үлгерген саясаткер. Аймақ жөніне келер болсақ, ол Қазақстанның Шығысынан өсіп-өніп, Батысында танылды, Оңтүстігінде қызмет істеп жүріп шыңдалды. Бұл кез келген отандасымыз үшін құптарлық өмірбаян емес пе?”, – деді. Кешегі гу-гу әңгіме су сепкендей басылды. Біз М.Оспановтың кандидатурасын қолдап дауыс бердік. Сыйластық та, азаматтық араласу да осы кезден басталды. Бір жыл болса да осындай жаны жайсаң, сөзіне берік адаммен Жоғарғы Кеңестің залында қатар отырып, қызмет істеген күндер көзден де, көңілден де кетпейді. Уақыт өте келе замана кімнің тарихта қандай орны бар екенін айқындайды. Марат Оспановтың саясаттағы орны бөлек екені енді ап-айқын көрініп тұр. Замандастар пікіріне назар аударалық: Е.Ертісбаев, Елбасы кеңесшісі: Марат саясатқа соншама тыңғылықты қарайтын және оның бәрін өз жүрегінің елегінен өткізетін. Сондықтан да ерте жанып кетті. Г.Қарағұсова, Мәжіліс депутаты: Бұл адам барлық адамдардың ойынан шығатын сындарлы ұсыныс айтып, оған адами ыждағаттылық танытатын. Ол Парламент – тірі организм және өз заңымен өмір сүреді, көзқарастар қайшылығына қарамастан, бір-бірімен ортақ мәміле табу қажет дейтін еді. Ф.Оңғарсынова, халық жазушысы: Азаматын жоқтамаған ел ел болмайды. Ғұмыры енді басталды деген пікірдемін. Ғ.Қасымов, сенатор: Ол өте күрделі де көндіге бермейтін мінезі бар адам еді. Оның сенім-нанымы уақыт тезінен өтті, жинақталған тәжірибе арқылы өмірді түйсінді, келген және баратын жолды сараптады. Мәжіліс төрағасы ретінде М.Оспанов кәсіби Парламенттің керегесін керіп, уығын қадады. Биліктің бір тармағы ретіндегі рөлін өсірді. Мәжілісті басқарған төрт жыл ішінде 507 заң жобасы қаралып, оның 408-і қабылданған болатын. Осылай Қазақстан парламентаризмін қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылғы 23 қаңтарында “Хабар” арнасында сөйлеген сөзінде: “Марат Оспановтың мемлекеттік және қоғамдық атқарған жұмысы елі мен халқына қызмет етудің үлгісі болып табылады”, деп еді. Орынды пікір, орнықты пікір! Авторы: Уалихан ҚАЛИЖАН. |
© ОФ имени Марата Оспанова 2009 |
Дизайн веб-студии "РАШ", контактные телефоны: +7 707 314 55 24, +7 701 527 15 70 |