Тәуелсіз елдің тұңғыш спикері болған…

Алматы, 17 қыркүйек, 2009 жыл

Ажал оғының өзіне қай сағатта келіп жететінін ешкім де біле алмайды. Сондай бір қапыда көз жұмған, көзімізден кетсе де, көңілімізде мәңгі қалатын дара тұлғаның бірі – тәуелсіз еліміздің мемлекет және саясат қайраткері, ҚР Парламенті мәжілісінің тұңғыш төрағасы, экономика ғылымының докторы, Еуразия халықаралық экономикалық академиясының академигі — Марат Тұрдыбекұлы Оспановтың ортамыздан кеткеніне де он жылдың жүзі болыпты. Көзі тірі болғанда аяулы азамат бүгін, яғни қыркүйектің 17-сі күні алпыс жасқа толады екен.

– 1999 жылдың аяғы мен 2000 жыл біздің отбасымыз үшін ең ауыр жыл болды, – деп бастады әңгімесін Марат Оспановтың жары, бүгінде құрылғанына бір жыл болған Марат Оспанов атындағы қордың президенті Бақыт Ахметқалиқызы. – 2000 жылды отбасымызбен палатада, өз-өзіне келмей жатқан Мәкеңнің қасында қарсы алдық. Екі дүниенің есігін күзеткендей болған сол 80 күнде тілек біреу ғана еді: балаларымның әкесі, өзімнің жан-жарымның ортамызға қайтып оралуы. Бірақ, жазмышқа не шара, олай болмай шықты….

Марат Оспановтың үлкен саясатқа келуі Қазақстан егемендігінің тәй-тәй басқан қадамдарымен қат-қабат келіп жатты. Марат Тұрдыбекұлы қара қазанында бірге қайнаған 90-жылдардың басындағы депутаттық корпусты көптеген зерттеушілеріміз қазір қайталанбас кезең болды деп бағалап та жүр. Өйткені бұл кез республикамыздағы балаң демократияның жаңа дүниеге келген шағы еді. Қатарластары, саясатта тізе қосып бірге қызмет еткен әріптестері Марат Оспановтың тек тұңғыш Мәжіліс спикері ғана емес, сонымен қатар, елімізде қалыптаса бастаған ашық саясат пионері, күрескер де бола білгендігін алға тартады. Айтса айтқандай-ақ, Парламент пікірсайыстарындағы ол кісінің өз көзқарасын дәлелдеудегі шешендігі жұртшылықтың әлі күнге көз алдында.

Ердің жасы елуге жаңа толған шағында дүниеден өткен тұңғыш спикердің атындағы қоғамдық қор ол кісінің отбасы және жақын достарының бастамасымен 2008 жылдың 7 тамызында құрылды. Өз жоспарында «ҚР Салық кодексінің өзгерістері», шағын бизнес жөнінде маңызды оқыту семинарлары мен республикамыздың экономикалық жоғары оқу орындарында білім алатын студенттерге М.Оспанов атындағы шәкіртақы тағайындау жөнінде байқау өткізу секілді ірі жобаларды қамтитын қор биыл тұлғаның 60 жылдық мерейтой қарсаңында «Десять лет в политике», «Мен сенемін» атты кітаптарын шығарды. Ал бүгін туған күніне орай, марқұмның қабірінің басында Құран оқытылып, кешке мейрамханада ас беріледі. Содан соң 23-25 қыркүйек күні Астанада ҚР Парламенті, «НұрОтан» халықтық-демократиялық партиясының және Премьер-министр кеңсесі мен Қаржы министрлігі командалары арасында мини-футболдан турнир өтеді. Аталған іс-шаралар легі қазанның 2-сі күні елордада Марат Оспановтың фотокөрмесі мен «Марат Оспанов және Қазақстандағы парламентаризмнің құрылуы» атты ғылыми конференцияға ұласпақ.

Қаперге!

Марат Тұрдыбекұлы Оспанов – көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі экономист-ғалым, Парламентаризм мен демократия негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тұңғыш төрағасы;

1991 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің экономикалық реформа, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі төрағасының орынбасары; 1991-1992 жж. халық депутаты, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік салық инспекциясы бастығының орынбасары; Бас мемлекеттік салық инспекциясының бастығы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары (1992 ж. Қараша-наурыз 1994 ж.); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары (1994 ж. наурыз-көкек 1995 ж.); Министрлер Кабинеті жанындағы шетел капиталын пайдалану жөніндегі Комитеттің төрағасы (көкек-қазан 1995 ж.);

1995-1999 жж. І шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы; ІІ-дәрежелі «Барыс» ордені мен «Астана» медалінің иегері.

Мәриям ӘБСАТТАР

Назад

© ОФ имени Марата Оспанова 2009

Дизайн веб-студии "РАШ", контактные телефоны: +7 707 314 55 24, +7 701 527 15 70